2025,қазан,30 Күміс домбыра – дарынды домбырашылардың жеңісі!

Астана қаласында Шабыт шығармашылық академиясының ұйымдастыруымен өткен «Күй шебері» атты I-Республикалық домбырашылар байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам өнерпаз күйші қатысты. Байқау аясында жас домбырашылар ұлттық өнердің қыр-сырын шеберлікпен танытып, күмбірлеген күймен көрермендердің жүрегін жаулап алды.
Жас таланттар күйшілердің классикалық туындыларын орындап қана қоймай, заманауи бағыттағы шығармалармен де ерекше көзге түсті. Бұл байқау күй өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, жас буын арасынан болашақтың күй шеберлерін анықтауға зор мүмкіндік берді.
«Күй шебері» атты домбырашылар байқауының мақсаты: Қазақ халқының дәстүрлі күй өнерін дәріптеу, насихаттау және жастар арасында кеңінен тарату және дарынды, өнерлі домбырашыларды анықтап, олардың шығармашылығына қолдау көрсету.
Байқауда бас жүлдені жеңіп алып, 350 мың теңгелік күміс домбыраға ие болған – Байбосынова Толқын Марсовнаның шәкірті, 1 курс студенті Бодыков Ислам.
Дарынды студент Қ.Ахмедьяровтың «Ақ мешіт» күйін шеберлікпен орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Оның орындауындағы күй тыңдарманның жүрегіне жол тауып, байқаудың басты жүлдесіне лайық деп танылды.
Сонымен қатар: - І орын – Қаиркен Диас, ІІ орын – Қаир Әмір, ІІІ орын – Абдихаликов Дархан және Жұмабек Кәрім ие болды.
Бұл – колледждегі ұлттық өнерге деген терең құрмет пен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Осындай биік жетістіктерге қол жеткізуде еңбек еткен ұстаздар: Утемисова Салтанат Рысбековна, Сайлауов Нұрман Болатбекұлы — шәкірттерінің талантын шыңдап, оларға жол көрсетті.
Байқаудың қазылар алқасы да танымал өнер қайраткерлерінен құралған. Төрағасы – күйші, зерттеуші Жанғали Жүзбай, ал мүшесі – белгілі күйші Дарын Құдайберген.
Бұл жеңіс – тек колледж мақтанышы емес, бүкіл Павлодар облысының мәдени дамуына қосылған зор үлес. Студенттерімізге шығармашылық табыс, ұстаздарға алғысымыз шексіз!







