2025,желтоқсан,3 «Жалғыз арша» байқауынан Рамазан Махамбет жеңіспен оралды!

2025 жылы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Семей қаласында өнер апталығы ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер иелерінің басын қосты.
1-2 желтоқсан күні апталықтың шымылдығы «Жалғыз арша» республикалық дәстүрлі әншілер байқауымен ашылды. Бұл байқаудың басты ерекшелігі – әндерді микрофонсыз, табиғи дауыспен орындау. Яғни, әншілердің дауыс диапазоны мен шеберлігі сынға түсті.
Аталмыш байқауға Павлодар музыкалық колледжінің, «Дәстүрлі ән» бөлімінің 4-курс студенті Рамазан Махамбет қатысып, өзіндік үнімен, халық әндерін шеберлікпен орындап, сахналық мәдениетімен көзге түсіп, дипломант атанды. Әсіресе, байқаудың қазылар алқасы оның дауыс диапазоны мен орындау техникасына ерекше баға берді. Бұл жетістік – ұстазы мен шәкіртінің тынымсыз еңбегінің, дәстүрлі өнерге деген махаббатының жемісі. Рамазанның жеңісі – жас таланттарға үлкен шабыт, ал болашақ әншінің үлкен сахнаға нық қадам басқанының белгісі. Рамазанның бұл жетістігі – тек колледждің ғана емес, жалпы өңіріміздің абыройын асқақтатқан мақтаныш.
Рамазан Махамбетті шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыт, биік белестер тілейміз!







