2025,сәуір,23 Баяншылар дуэті беделді байқауда жүлдегер атанды

17-19 сәуір аралығында Атырауда Н. Жантұрин атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен "Еуразия Кубогы" атты баян және аккордеон орындаушыларының III Халықаралық байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас орындаушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, олардың кәсіби шеберліктерін арттыру, орындаушылық мәдениетті жоғарылату және баян мен аккордеон өнерін кеңінен тарату. Музыкалық байқауға «Жеке орындау» және «Ансамбльдік орындау» номинациялары бойынша орта арнаулы және жоғары оқу орындарының 38 студенті қатысты. Өз өнерін 31 жеке орындаушы мен 7 ансамбль ұсынды. Музыкалық колледж өз студенттері Ногербек Ернұр мен Мякота Кириллді баяншылар дуэтінің беделді байқаудың III дәрежелі лауреаты атануымен шын жүректен құттықтайды. Бұл жеңіс олардың жоғары кәсіби шеберлігін, еңбекқорлығын және шығармашылық белсенділігін көрсете отырып, үлкен жетістікке жеткендерін дәлелдейді.
Байқау әлемнің әртүрлі елдерінен келген орындаушыларды жинап, шығармашылық тұрғыдан жоғары деңгейдегі бәсекелестік орнаған ортада өтті. Әр қатысушы өз аспабын жоғары деңгейде меңгеру, көркем бейнелеу және сахналық мәдениет саласында ерекшеленуге талпынды. Музыкалық колледждің баяншылар дуэті өзара үйлесіммен, орындаушылық техникасымен және музыкалық тазалығымен қазылар алқасын таң қалдырды. Мұндай беделді байқауға қатысу – халықаралық деңгейде өнерін көрсетуге тамаша мүмкіндік әрі кәсіби даму үшін маңызды тәжірибе. Студенттер оқытушысы А.А.Шевчуктың жетекшілігімен классикалық және заманауи шығармалардан құралған әсерлі бағдарлама дайындап, орындаушылық шеберліктерін кең ауқымда көрсетті.
«Еуразия Кубогы» байқауында қол жеткізілген жеңіс – ұзақ уақыт бойы жүргізілген табанды еңбектің, жүйелі дайындық пен музыка өнеріне деген шынайы ықыластың нәтижесі. Музыкалық колледж дуэтті дайындаған оқытушыларға алғысын білдіріп, өнер жолындағы шәкірттерге тың идеялар, жарқын жетістіктер мен алдағы уақытта толағай табыстар тілейді.