2025,қараша,3 «Көзге Ертіс Моңнары» XXVI Халықаралық татар өнері фестиваль-байқауындағы жарқын жеңістер!

2025 жылғы 1–2 қараша күндері Семей қаласында XXVI Халықаралық «Көзге Ертіс Моңнары» татар өнері фестиваль-байқауы өтті. Бұл мәдени шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден келген талантты орындаушыларды жинады. Қатысушылар өз шеберліктерін әртүрлі номинациялар мен жас ерекшеліктері бойынша көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасын ерекше өнерімен тәнті етті. Байқаудың негізгі мақсаттары – татар халқының музыкалық және мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және дамыту, ұлтаралық мәдени байланыстарды нығайту, өңірлер мен мемлекеттер арасындағы шығармашылық диалогты жандандыру. Сонымен қатар, жас ұрпақтың өнерге, рухани құндылықтар мен мәдени болмысқа қызығушылығын арттыру болып табылады. Фестиваль бағдарламасына салтанатты ашылу рәсімі мен Гала-концерт, вокалистер, аспапта орындаушылар, мәнерлеп оқушылар, бишілер байқауы, көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкесі, Татарстан мен Қазақстаннан келген әртістер мен ұстаздардың шеберлік сағаттары енгізілген.
«Көзге Иртыш моңнары» фестивалі дәстүрлі түрде татар және өзге де этностардың өнер өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, Қазақстан, Ресей және басқа да елдерден қатысушыларды біріктіреді. Биылғы жылы ұйымдастырушылар 140-тан астам өтінімдерді қабылдады. Қатысушылар Астана, Павлодар, Екібастұз, Шымкент, Абай облысы және Ресейдің Кузбасс, Тара, Омбы, Новосібір, Қазан қалаларынан келді. Музыкалық колледждің гитара және баян класы студенттері өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 13–15 жас аралығындағы санатта Манап Әлихан 1-орынды жеңіп алды.16–19 жас аралығындағы санатта Канат Рауан мен Рахимов Мадияр II дәрежелі лауреат атанса, Татарченков Максим III орынды иеленді. Жүлдегерлерді байқауға дайындаған ұстаздар: М.С.Ботагузов, А.А. Шевчук, С.Н.Тищенко. Бұл жетістіктер — оқытушылардың кәсіби еңбегі мен студенттердің жоғары дайындық деңгейінің айқын дәлелі. Жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін шын жүректен құттықтаймыз!







