2025,қараша,27 «Менің жан сезімім» – Мұхит Мұлқаразовтың авторлық кеші
Мұхит Мұлқаразов– өз кәсібіне адал, өнер жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық музыкаға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаз. Оның шығармалары терең мазмұнымен, ұлттық болмыспен және заманауи нақышпен үйлескен әуенімен ерекшеленеді.
Кеш барысында әртүрлі аспаптық құрамдарға арналған шығармалар, жаңа әндер орындалып, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Сахна төрінде Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, үрлемелі аспаптар оркестрі, скрипкашылар мен қобызшылар ансамблі, балалар хоры және колледждің дарынды орындаушылары өнер көрсетті.
Кешке ҚР және облысқа танымал әншілер – Ғайни Жұмашева, Нұржан Сарқамбаев, Серік Рысбек, Мадияр Бахтияров, Әділет Сейітов, Әділ Төлеген, Райхана Оқтаубаева, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары – Төрегелді Жасұлан, Жұмашев Рахымжан және Құрбан Рахат қатысты.
Концерт соңында Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серік Абдинұров Мұхит Мұлқаразовқа одақтың мүшесі куәлігін табыстады. Бұл – ұстаздың еңбегінің жоғары бағалануы ғана емес, сонымен қатар еліміздің музыка өнеріне қосқан үлесінің дәлелі.
«Менің жан сезімім» кеші көрерменнің жүрегіне жол тауып, нағыз өнердің күші мен маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.







