2023,мамыр,13 «Жас екпін» жобасы аясында музыканттар Көкшетауға барды
9-12 мамыр аралығында Көкшетауда «Жас Екпін» жобасы аясында музыкалық колледждің студенттеріне қазақтың сайын даласы ортасындағы нағыз оазис табиғатын тамашалауға бірегей мүмкіндік берілді. Студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында және «Музыкалық колледж–дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» ММ мен Біржан сал атындағы музыка колледжі МКҚК-нің екіжақты меморандум негізінде Көкшетау қаласында үлкен мерекелік концерт өтті. Бұл концертте Павлодар қаласындағы музыкалық колледждің «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің жарқын шығармашылық ұжымдары мен халық аспаптар оркестрі өнерлерін көрсеті. Біржан сал атындағы музыка колледждің залында өткен концерт ұлы Абылай ханның туғанына 310 жыл, халық ақыны, әнші, сазгер Ақан Серінің 180 жылдығы және композитор, Қазақстан еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаевтың 155 жылдығына арналады. Керемет концерттің ынталы көрермендері «Браво» деп айғайлап, өнерпаздарды қайта сахнаға шақырып отырды. Оркестр және солист «Ішекті аспаптар» бөлімінің студенті Сергей Фатеевтің орындауындағы Медет Есбергеновтің «Күз» туындысы көрермендердің жүрегін жаулап алды. Бұл «Жас екпін» жобасының алғашқы концерті болды, онда қазақ халық аспаптар оркестрінің жас жетекшісі Мәди Төлеев өз жұмысының нәтижесін тамаша көрсетті. Халық аспаптарының әсерлі әуені, көздің жауын алар костюмдер, лық толы көрермен залы мен концерттің мерекелік атмосферасы Көкшетау қаласының шығармашылық тарихында өзіндік із қалдырды. Концерт соңында музыкалық колледж студенттері үшін «Бурабай» курорттық саябағының аумағына экскурсия ұйымдастырылды.
Жеке тұлғаның музыкалық мәдениетін қалыптастыру, халқымыздың мәдениетін, рухани құндылықтарын таныстыру арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатындағы «Жас Екпін» жобасы Ертіс өңірінің шығармашылық мұрасы мен өнеріне деген қызығушылықты оятып, еліміздегі көптеген айтулы мәдени шараларға жол ашады деп сенеміз.